Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізген тексеріс нәтижесінде 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл жұмыстар судың "көлеңкелі" нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуда. Айта кету керек, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша Ішкі аудит департаменті 9 айда 11 мекемеге аудиторлық тексеру жүргізді.
Мәселен, Жамбыл облысы бойынша "Қазсушар" филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі мен шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықтаған болатын. Аудит қорытындысы бойынша мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
"Аудит қорытындысы бойынша анықталған барлық заң бұзушылықтарға қатысты материалдар Бас прокуратураға жолданды. Сондай-ақ, министрліктің құзыретті құрылымдары мен ведомстволарына ұсынымдар мен тапсырмалар берілді", – деді Ішкі аудит департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.