Су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі

123

Мемлекет басшысы "Табиғи монополиялар туралы" заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды. 

Су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі Фото: Индустриальная Караганда

Бұл түзетулер су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Аталған бастама туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заңға енгізілген өзгерістерді министрлік әзірлеген. Олар сумен жабдықтау және су бұру саласында еңбек ететін 25 мыңнан астам маманның жалақысын арттыруға жол ашады. Енді өңірлік ерекшеліктер мен статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, су саласы қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 35-50%-ға өседі. Бұл көрсеткіш жылу және электр энергетикасы салаларындағы мамандардың жалақы деңгейіне жуықтайды.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер су саласындағы кадр тапшылығын азайтып, білікті мамандарды тарта түсуге сеп болады. Заң бойынша түзетулер 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

– Статистикалық деректерге сүйенсек, жылу және электр энергетикасы салаларында орташа жалақы шамамен 330 мың теңгені құрайды. Ал су шаруашылығында бұл көрсеткіш 231 мың теңге. Айырмашылық айтарлықтай. Қабылданған өзгерістер су саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, өткен жылы министрлік "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға көтерген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу