Су саласындағы көлеңкелі нарықпен күрес: заң бұзушылардан 2,9 млн теңге өндірілді

153

Бассейндік инспекциялар жыл басынан бері 13 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 8 заң бұзушылық анықтады.

Су саласындағы көлеңкелі нарықпен күрес: заң бұзушылардан 2,9 млн теңге өндірілді Фото: gov.kz

Жыл басынан бері су заңнамасын бұзған тұлғалардан жалпы сомасы 2,9 млн теңгеге 18 әкімшілік айыппұл өндірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал 2025 жылдың басынан бері суды заңсыз пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 6,4 млн теңгеге 35 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде:

  • жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша 1,4 млн теңге сомасына 12 әкімшілік айыппұл салынды;
  • құқық қорғау және мемлекеттік органдардан түскен материалдар бойынша 5 млн теңгеге 23 әкімшілік айыппұл салынды.

"Судың "көлеңкелі нарығымен" күресу мақсатында былтыр министрлік жанынан Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Сондай-ақ су инспекторларының саны 98 адамнан 210-ға дейін артты. Оған қоса, заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Жаңа Су кодексінде бассейндік инспекцияларға бақылау жүргізу құзыреті берілді. Құжат күшіне енгеннен кейін олар шұғыл әрекет ету шараларын қабылдай алады. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске де өзгерістер енгізіліп, су саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді", – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 2025 жылдың басынан бастап 13 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 8 заң бұзушылық анықталды. Бұл заң бұзушылықтарды жою үшін 7 ұйғарым берілді. 

2024 жылы су заңнамасын бұзғандардан жалпы сомасы 44,5 млн теңге болатын 556 әкімшілік айыппұл өндірілгенін айта кетейік. Сондай-ақ бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1855 заң бұзушылық анықталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу