Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, 28-30 сәуір күндері Петропавлда су тасқынының қатты толқыны күтіледі.
Аймақтағы Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалуда.
"Есіл өзеніндегі су деңгейі артып отыр, соған байланысты су жылдағыдай жайылма алқаптарға таралып жатыр. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелеріне жайылған. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, ТЖД мен полиция бекеттері қойылды. Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауда", – деп хабарлайды жергілікті әкімдік.
Облыс әкімі су тасқыны аяқталғанға дейін тиісті қызметтер жұмыс істей беретінін баяндаған. Ең басты басымдық – азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау.
"Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады әкімдік.
Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй салынып жатыр. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады.