Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар қолданылып, кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда "борсық ұрған сайын семіреді" дегендей, қоғам дертімен күрес қаншалықты қарқын алғанымен, жемқорлық фактілері әлі де азаймай тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Жуырда Жамбыл облысының прокуратурасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.
Жамбыл облыстық прокуратурасының мәліметінше, "Меркі тәжірибелік шаруашылық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі квазимемлекеттік мекемесінің бұрынғы басқарма төрағасы және оның орынбасары ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы нақты сатылмаған алма көшеттері үшін 209,9 миллион теңге субсидия алған.
Аталған факт бойынша Меркі ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақшасымен (алаяқтық) қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасымен жүргізіліп жатыр.
Сот шешімімен бір күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілсе, екіншісіне қатысты үй қамақ бұлтартпау шарасы қолданылды.