"Ағыс қатты": Селфи жасамақ болып суға кеткен қыздың денесін іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

497

Суға кеткен қыздың денесі бірнеше күннен бері табылмай жатыр.

"Ағыс қатты": Селфи жасамақ болып суға кеткен қыздың денесін іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Фото: stan.kz

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов Түркістан облысында селфи жасаймын деп суға батып кеткен жасөспірімді іздеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер спикерден "Түркістан облысындағы Сайрам су таулы өзеніне селфи түсіремін деп батып кеткен жасөспірім қызды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр ма? Қанша адам іздеп жатыр?" деп сұрады.

"Біздің құтқарушылар ондай қайғылы оқиға болған жерге дереу барады. Ағыны қатты болғаннан кейін, суға батқан адам бір орында болмауы мүмкін, ол әрі қарай сумен ағып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде іздеудің өзіндік технологиясы бар. Біздің сүңгуірлер белгіленген бір квадраттар бойынша әрі қарай жылжи бастайды. Яғни, адам батқан жерді белгілейді де, содан әрі қарай іздестіру көлемін ұлғайта бастайды" - деді Ақылбек Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның дерегінше, іздестіру жұмыстарында жүрген мамандар саны жеткілікті. 

"Екі топ жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда құтқарушыларды тағы тартамыз", - деді спикер.

Журналистер іздестіру жұмыстарын жүргізуге қандай да бір кедергі бар ма деп нақтылады.

"Ешқандай кедергі жоқ. Ағыс қатты болғаннан кейін, оның үстіне судың түбін көру мүмкіншілігі жоқ, сондықтан біздің сүңгуірлер ештеңе көрінбейтін жағдайда жұмыс істеп жатыр", - деп қорытындылады ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары.

Айта кету керек, осыған дейін Түркістан облысында 16 жастағы қыз фотоға түсемін деп өзенге батып кеткенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу