Су жетіспеушілігі болса да, Қызылорда облысы тіршілік көзін көп қажет ететін күріш өнімімен елімізді 90 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Әсте мұндай жаңалыққа тек қуанған дұрыс па?
Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі "Кіші Арал" идеясы неге іске аспай отыр?" деген тақырыпта мақала жариялаған болатын. Онда жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлының нақты деректері келтірілді.
Су тақырыбын, Арал теңізінің мәселесін ұзақ жылдан бері жазып, айтып жүрген маман құрғақшылық алабынан шығып, ылғалды кезеңге өткен уақытта да мүмкіндікті мүлт жібергенімізге қынжылады және қателікті қайталамауға шақырады.
- Былтырғы күзде алдағы қыстың ылғалды болатынын жобалап, ескерту мақсатында БАҚ-та сөз айттық. Өткен қыс, расында, жауын-шашынды болды. Тұран өлкесі 12 жылдық айналым циклінің құрғақшылық алабынан өтіп, ылғалды кезеңге қадам басқан сияқты. Әттең не керек, бір беріле қалған сол несібе көп рәсуалы болды: сондай судан әбіржігеніміз сонша, біз үшін мәселесі жабылды деген (жабылуы тиіс!) көршінің Арнасай ойысына су жібердік, Қызылқұм, Келінтөбе, Түгіскен, Жаңадария, Қараөзек сияқты арналарды мезгілсіз ашып, дариядан оңға-солға су тастау амалын қарастырдық, болмаса, соған дайындадық. Мұның бәріне "далаға шөп шығады" деген оңай уәж табылды... Ол аз десеңіз, Арал өңірінің өзіне алалау саясаты жетіп, Ақшатау, Қамбаш сияқты көлдер қаналдан шығып, төмендегі көлдер төлі "шөлден" қырылды, қысты күні теңіз борсыды. Нәтижесі жоғарыдағыдай – Кіші Арал өле бастады. Қолдан жасалған Аралдың екінші қасіреті осы іспетті...
Осы жылды қазақ жай ғана "қоян" атағанымен, әлем ілімі "сулы қара қоян" дейді екен. Болжам бойынша, осы қыс тағы ылғалды болмақ. Ендеше, жоғарыда келтірілген нақты келеңсіздіктер енді тағы қайталана ма? Биыл келер мол су жайы қалай болар екен?.. Біздің әлем алдында экологиялық бастамаларымыз бен биік міндеттеріміз бар. Өзгерген, өскен санамыз бар. Дарияның суын күтіп жатқан Арал бар! Бәрі бос сөздің бодауы емес болар, -дейді ол.
Жалпы, Сыр бойының егін шаруашылығына әлі де түбегейлі өзгеріс, жаңа шешімдер керек екені белгілі. Су тапшылығы туындайтын өңір күріш егу көлемін азайтып, әртараптандыруға барынша көңіл бөліп-ақ жатқандай. Сайлаубай Жұбатырұлы судың 90 пайызын сырттан алатын Сыр өңірінің күріштік көлемін 90 мың гектарға жеткізуін мүлдем түсінбейді. Әрі солай бола тұра "елімізді 90 пайыз күрішпен қамтамасыз етіп отырған облыспыз" деп мақтану ақылға сыймайтынын жеткізді.
- Біздің шаруашылық психологиямызда бар бүгінгі (кешегі де!) элементар ұстаным: Арал деген далада бос жатқан айдынға босқа кетіп жатқан бір құлақ судан бір дорба дән өсіріп алған пайдалы емес пе? Міне, біздің ел-жердің ажарын алып, базарын тайдырған жертабан психология – осы. Сонау 90-жылдары, осының шет-жағасын аңғардық та, "бұл керітартпа экстенсивті амал!" деп көп шуладық. Шуладық та, қойдық. Анығында, кейінірек, сол "экстенсивтің" көкесін көрсеттік, әйтпесе, Сыр бойының өзінде ғана кешегі "керікеткен" тәсілден әрі кетіп, күріштікті 90 мың гектарға жеткізер ме? Арал онан ары тартылып, жеріміз бедері сонша азып-тозар ма?! Енді, ақыр-аяғында, дария ахуалы бүгін өзі бізді қамшылай бастады, ал біз не істесек екен деп, әлі әрі-сәрі бір ойдамыз... Әрине, "бір құлақ судан бір дорба дән алу" – тіршілік мүддесі. Еліміздің 90 процент күрішін беретін Сыр бойында бұл дәстүр бекем қалыптасқан. Көп шаруа, шаруашылық тіршілігі осыған кіндік байлаған...
Мысалы сондай құнарлы, жауын-шашыны жетімді Жетісу өңірінде күріш тек бір аумақ – Қаратал ауданында ғана егіледі. Биыл онда гектарына 31 центнер шамасында өнім алынған. Мұндағы аграрийлер "жерді сорландырады, суды көп тұтынады" деп, күріштікті 1 мың гектардан ары көбейтуге қарсы. Мүмкін Балқаш көлінің шүкіршілік ахуалы осындай жіті, жанашыр саясат арқасы?.. Ал 90 процент суы сырттан келетін, өлі теңіз ұлтаны әлемге шаң ұшырған, табиғаты шөлдеулі біздің Сыр бойы "елдің 90 процент күрішін береді!" деп кеуде соғамыз, - деп ашынады эколог.
Сайлаубай Жұбатырұлы еліміздің ішкі тұтыну нарығына қажет 165 мың тонна күріш көлемінен бізде екі есе артық қоры бар екенін, экспортқа тауар шығару саясатында, өзіндік құны тым қымбат, шығыны аса көп өнімдерге күш сала бермей, табиғи жетімді қамыс пен қызыл мияға ден қоюға болатынын айтады.