Қазақстан Еуропа Кеңесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылғанына көп бола қойған жоқ. Кеше, ГРЕКО бастамасының жауапты хатшысы Джанлука Эспозито Қазақстанға ресми сапарымен келіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесті.
Джанлука Эспозито бүгін ГРЕКО бастамасының жұмысы мен жоспары жайлы толығырақ айтып берді.
"Географикалық тұрғыдан ГРЕКО негізінен Еуропа аймағын қамтиды. Бұл аймақтан тысқары мемлекеттерден тек АҚШ пен Қазақстан бар. ГРЕКО төрт халықаралық мониторингтік бастамалардың бірі. Ол Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы және Америка мемлекеттері ұйымы тарапынан БҰҰ конвенциялары талаптарының жүзеге асуын мониторингтейді. Қазақстан ГРЕКО-ның тең құқылы мүшесі атануымен құттықтағым келеді", – деді.
Жауапты хатшы сондай-ақ, еліміздің цифрлану деңгейіне жоғары баға бере отырып, цифрлануға көшуі – сыбайлас жемқорлықтың өршуіне тұсау болатынын айтты.
"Қазақстанның цифрлану қарқыны қуантады. Цифрлану дамыған жерде – сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік аз. Құқық қорғау органдарының басқа мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс істеуі де өте маңызды. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен күресті тек бір ғана мекеме жүргізе алмайды, оған барлық мемлекеттік органдар қатысады. Біз жеке істерге араласпаймыз, бірақ әр мемлекетті бағалаған кезде, мемлекеттің қызметіне талдау жасаймыз. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін қараймыз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатында тергеудің жүргізілу барысын бақылаймыз", – деді ол.
ГРЕКО бастамасының жауапты хатшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуде қандай мәселе талқыланғанын айтып өтті.
"Өте жақсы кездесу болды. Кездесуде Қазақстанның ГРЕКО қызметі аясындағы маңызды орны және құқықтық мәселелер мен экономикалық даму жайлы сөйлестік. Әрине, ГРЕКО бағалау жүйесіне жетілдіру жүргізіледі. Бұл өз кезегінде елдегі бизнес ахуалды жақсартып, экономикаға оң әсер етеді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығын да сөз еттік. Қазақстан қазір бірқатар жобаға қатысады. Жақында Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде жоба бастаймыз. Бұл жоба Қазақстан мен Еуро Одақ кеңесінің арасын байланыстыратын көпірі болады", – деді.
Джанлука Эспозито Қазақстан қашан, әрі қалай бағаланатынын айтып өтті.
"Сыбайлас жемқорлыққа имунитеті бар мемлекет болады деп ойламаймын. Адамдардың сыбайлас жемқорлықты қабылдауы да әр-түрлі. ГРЕКО Мемлекетті бағалаған кезде бірқатар сұрақтарға жауап іздейді. Айталық, мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдады ма, жоқ па? Нәтижелі іс атқарды ма, жоқ па? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме қандай нәтижеге жетті? Осындай сауалдар қойылады. Әрине, мемлекеттерді бір-бірімен салыстыратындар бар. Әр мемлекетті нақты сол елдегі жағдайға байланысты қарастыру керек. Қазақстанды әлі бағалаған жоқпыз. Бағалау 2021 жылы жүргізіледі. Егер, басқа мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық жағдайын білгіңіз келсе, біздің жыл сайынғы есебімізді қарауыңызға болады. Есепте бірқатар мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық көрсетіліп, әр түрлі түске боялған. Біз рейтинг жасамаймыз. Алайда қай мемлекет біздің жасаған ұсыныстарымыз бен тапсырмаларымызды орындады, қайсысы орындаған жоқ, есепте айқын көрсетіледі", – деді ол.
Нұржан Көшкін