Сырдағы су тапшылығының шешімі қайсы?

Биыл Арал теңізіне түскен судың көлемі де едәуір көбейген.

Сырдағы су тапшылығының шешімі қайсы? Фото: Бағдат Есжанов

Суының 90 пайызы сырттан келетін өңір үшін су тапшылығын болдырмау – ең өзекті мәселе. Сырбойылық шаруалар осы жылы суды үнемдеу бағытында 3 ірі инвестициялық жобаны қолға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

2028 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдану көлемін 24 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Осы жылы Қызылорда облысында 189 мың 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күріштің көлемі 85 мың 600 гектар болды.

Сыр салысы суды көп қажет етеді, ол – бесенеден белгілі жайт. Сондықтан, су шығынын азайту мақсатында егілген күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жүргізілген. Осы секілді жұмыстар арқылы суармалы су көлемін 20 пайызға үнемделіп отыр. Алдағы 5 жылда лазерлік тегістеу көлемі 72 мың гектарға жетеді деп межеленген.

Бір қуанарлық жаңалық, жыл басынан бері Арал теңізіне 2 млрд текше метр су түсіп отыр.

– Президентіміз бен Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, биылғы жылы егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етіліп, аймағымызда су тапшылығы болған жоқ. Егістікті суаруға 3 млрд 700 млн текше метр су лимиті бөлініп, толық орындалды. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті отырысында Шардара су қоймасына 3 млрд 692 млн текше метр судың жіберілетіні келісілсе, нақты 4 млрд 827 млн текше метр су түсті. Арал теңізіне түскен судың көлемі едәуір ұлғайды. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18 млрд 500 млн текше метрге дейін азайған болса, қазіргі уақытта су көлемі 22 млрд текше метрге жетті, – дейді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.

Биылғы жылы суды үнемдеу және егісті әртараптандыру мақсатында өңірде жобалық құны 8,2 млрд теңге болатын, көлемі 5 мың гектарды құрайтын су үнемдеу әдісімен жүгері, малазықтық дақылдар егу бойынша 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталды.

Оның біріншісі, Шиелі ауданындағы "Таң ЛТД" ЖШС-ның қытайлық компаниямен бірлескен жобасы. Онда 2024-2025 жылдарға 3000 гектар жерге құны 3 млрд теңге болатын тамшылатып суару әдісімен жүгері егіледі.

Екіншісі, Қазалы ауданындағы "РЗА Агро" ЖШС жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға малазықтық дақылдар өсіру жобасы. Яғни, 2022-2023 жылдары 87 гектарға сүрлем жүгері дақылы егілсе, биыл 184 гектар жерді қамтыды. Жоба құны – 2,6 млрд теңге.

Үшіншісі, Арал ауданындағы "Camel Pro" ЖШС-ның 830 гектарға құны 2,6 млрд теңге болатын жоңышқа дақылын жаңбырлатып егу жобасы.

Су тапшылығы туралы сөз болғанда, су қоймаларының жайы бірінші еске түседі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлынан бұл мәселенің де мән-жайын сұрадық.

– Бүгінгі таңдағы Нарын Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында (Тоқтағұл, Қайраққұм, Әндіжан, Шарбақ, Шардара су қоймалары) жинақталған су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,2 млрд текше метрге артық. Дәл бүгінгі мәлімет бойынша Шардара су қоймасына жиналған судың көлемі 1,2 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 200 млн текше метрге артық болып тұр. Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 70 текше метр су жіберіліп, Қызылорда облысының шекарасына кірген су көлемі – 174 текше метр, – деді ол.

Аймақтың егістік жерлері суармалы егістікке бейімделгендіктен, вегетация кезеңінде егістікті сумен тұрақты қамтамасыз етуде су шаруашылығы нысандарын жаңғырту мен жаңадан салудың маңызы зор. Сондықтан, биыл 103 шақырымды құрайтын 26 каналға механикалық тазарту жүргізіліп, 22 дана гидротехникалық құрылыс жөнделген және 25 су өлшеу бекеті қалпына келтірілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу