2020 жылғы тамызында ел тұрғындары екінші деңгейдегі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 112,5 кг құрайтын 2 353 өлшеуіш құйма сатып алды, деп хабарлады бас банктің баспасөз қызметі.
Алтын құймалары бес түрде ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Оның ішінде салмағы 10 г құйма ең көп сатып алынады. Сатудың жалпы көлемінен оның үлесі 26% – 8 481 дананы құрайды. Одан кейін 100 грамдық – 7 248 дана (22%), 5 грамдық – 6 388 дана (19%), 20 грамдық – 7 020 дана (21%), 50 грамдық – 4 071 дана (12%) тұр.
Құймаларды сатып алу бойынша өңірлер арасында көшбасшы – Алматы қаласы (сатылған құймалардың жалпы санынан 55%), одан кейін Атырау (15%), Нұр-Сұлтан (10%) және басқа өңірлер (20%).
Кері сатып алуға жалпы массасы 3,2 кг құрайтын 118 өлшеуіш құйма қабылданды.
Алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке "сол күні" ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы.
Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.
Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт) және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауы ашылғанын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылатынын ескертеміз. Қорғаныш орауы да құйма сапасының сертификаты болып табылады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтау және орауды ашпау ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі халық үшін тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. Барлығы 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,19 т құрайтын 33 208 өлшеуіш құйма сатылды.