Тараз қаласында су институты ашылуы мүмкін

1125

Елімізде су шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын жою – маңызды мәселенің бірі.  

Тараз қаласында су институты ашылуы мүмкін Фото: Inbusiness.kz

Жуырда "Global Water" тақырыбында өткен су үнемдеу технологияларына арналған бірінші халықаралық форумда Президент кеңесшісі Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлерге су үнемдеу технологияларын жылдамдатып енгізу керегін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Сондай-ақ Қанат Алдабергенұлы алдағы уақытта су институтын ашу туралы ойын білдірді.

"Тараз қаласында Жамбыл гидромелиоративтік институт болған. Соны қазір тиісті министрліктер қарап жатыр. Жаңадан су саласына ғана маманданған университет құру керек. Қазір осы мәселелерді қарап жатырмыз. Себебі бізде маман тапшылығы бар. Біз қазірдің өзінде балалаларды басқа мемлекеттерге жіберіп жатырмыз. Бізде де мамандықтар бар. Бірақ мамандандырылған бір университет немесе институт болуы керек", - деді Қанат Алдабергенұлы.

Осы орайда су саласының мамандарын даярлайтын оқу орнын ашу бойынша Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің "Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру" институтының директоры Кенжеғали Шилібектің пікірін сұрағанымызда білікті маман дайындау саладағы өте өзекті екенін жеткізді.

"Кадр тапшылығы мәселесін шешу, су ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сушаруашылығы мамандарының жалақысын көтеру – саланың күрделі мәселесі.

Жаңадан құрылған министрлік қазақстандық студенттерді су саласы мамандықтары бойынша жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында оқыту үшін грант бөлу мәселесін қарауда. Бұдан бөлек сушаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастыруда, айлық жалақыны 25 пайызға көтеруде. Жамбыл облысы әкімі арнайы білім гранттарын тағайындауда. Егер арнайы оқу орны ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шыны керек, қазіргі жастардың су саласына қызығушылығы төмен. Бұл мамандардың еңбек ақысының төмендігі, сала мамандарының дұрыс насихатталмауы, әлеуметтік қолдау пакеттерінің болмауынан деп ойлаймын. Алдағы уақытта су саласындағы мәселелердің оң шешімін тауып, жастардың осы салаға көптеп келетініне сенімдімін" - деді К.Шилібек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу