Тараздағы кей көшелердің жөнделмегеніне 50 жылға жуықтады

568

Қарасу тұрғын алабындағы көшелерге сонау кеңестік кезеңде 1976 жылы  жөндеу жүргізілген екен.   

Тараздағы кей көшелердің жөнделмегеніне 50 жылға жуықтады Фото: inbusiness.kz

"Қазір 81 жастамын. Үйлер бір-біріне жақын орналасқанымен, мекен-жайы бойынша әр көшеге жатады. Бес жыл бұрын тұрғын алабына газ құбырлары тартылды. Содан кейін көшеде жүру қиындай түсті. Жауын-шашыннан кейін лай, батпаққа айналады. Такси шақыртсақ, келуден бас тартады, жедел жәрдем келмейді", - дейді Қарасу массивінің тұрғыны Лариса Шадрина.

Мұнда көптеген көшелер әлі жарықтандырылмаған. Көше тұрғындарының бірі Рухсарихан Усманова апатты жағдайдағы ағаш шам бағаналары бар екенін алға тартты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қарасуға 2020 жылға дейін № 37 автобус жүріп тұрған екен. Кейін тоқтап қалған. Басқа қоғамдық көлік маршруттарының қатынау аралығы ұзақ, жолаушылар 1 сағаттай уақыт күтуге кететінін айтып шағымданды.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, алдағы уақытқа алапты абаттандыру жоспарлары жасалыпты.

Әкімнің орынбасары "Беделбаев көшесін қамти отырып, Дальняя Қарасу көшесін (Целиноград көшесінің 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші көшесін) орташа жөндеу" объектісі бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенін және мемлекеттік сатып алуды жүргізу үшін құжаттар дайындалғанын түсіндірді. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша мердігер айқындалған соң, жөндеу жұмыстары басталмақшы.

Ал массивке қатынайтын төрт бағыттағы № 19, 34, 38 және 55 автобустарға қоса, тұрғындардың өтініштері бойынша № 19 маршрут Қостанай, Ақтөбе және тағы басқа көшелерді қамти отырып, Ишина көшесіне дейін ұзартылыпты.

Әкімдік мамандарының сөзіне сүйенсек, "Әулиеатататранспасс" ЖШС № 19 маршруттағы автобустардың санын көбейту үшін алдағы уақытта қосымша тағы үш автобус сатып алуды жоспарлаған.

Қазір № 34 автобус Қостанай, Ақтөбе, Целиноград көшелерінен Қайнар массивіне дейін 12 кесте бойынша, № 38 бағыттағы қоғамдық көлік Қостанай көшесінен Анарбаев көшесімен орталық базарға дейін жүріп жатыр. Аталған тұрғын алабына № 55 маршрут та қатынайды екен. Аталған бағыттағы автобустардың санын арттыру үшін "№ 1 Тараз автобус паркі" ЖШС 20 жаңа автобус сатып алмақшы.

Беделбаев көшесін жарықтандыру 2024 жылға жоспарланған. Биыл монтаждау жұмыстарын орындау үшін тиісті сараптамадан өтіп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Есенин көшесі 2023 жылы жарықтандырылады. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялай отырып, мердігерді анықтауда.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу