Тараз қаласындағы оқу орнында ұшақсыз ұшу аппараты құрастырылады

536

Қытайлық компания университет базасында құрылғыны құрастыратын цех ашуды жоспарлап отыр. 

Тараз қаласындағы оқу орнында ұшақсыз ұшу аппараты құрастырылады Фото: Таласбек Керей

Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жуық жылдарда ұшақсыз ұшу аппараты құрастырылатын болады. Жарқын жоба қытайлық "Zhejlang starmach technology Co, Ltd" және "Tree Energy" компанияларымен бірлескен меморандум аясында жүзеге аспақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Zhejlang starmach technology Co, Ltd" компаниясы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дрон жасап шығарып, студенттерді саланың қыр-сырына баулып, білікті маман даярлап шығармақ ниетте.

Қытайлық компанияның директоры Лю Шидонг әлемнің дамыған мемлекеттерінде ұшқышсыз ұшатын аппаратты пайдалануды жастайынан үйрететінін айтады. Сондай-ақ компания директоры өз сөзінде дрондарды жасау және пайдалану мүмкіндігі бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді.

"Келісіміміз бойынша Тараз қаласындағы университет базасында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрастыру цехы орналасады. Алдымен дрондар шығаратын мамандарды оқытамыз, одан кейін операторларды үйретеміз. Сондай-ақ білім сапасын арттыру үшін студенттер алмасу бағдарламасын іске қосуға болады", - дейді Шидун Лю.

Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаевтың сөзіне сүйенсек, ұшқышсыз ұшу аппараттарының негізгі артықшылығы – уақыт пен ресурстарды үнемдей алатындығында. Себебі "Zhejlang starmach technology Co, Ltd" компаниясының дрондары адам аяғы жетпейтін аумақтарда тапсырмаларды орындау мүмкіндігіне ие. Бағасы қолжетімді. Жылдамдығына көз ілеспейді.

Осылайша жамбылдық жастардың жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, өздерін дамытуға үлкен мүмкіндік туғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу