Тараз қаласының кәріз жүйесі 61 жыл бұрын салынған

396

Шайынды сулардың сүзу алаңы қаланың сыртында Жамбыл ауданының жерінде орналасқан.  

Тараз қаласының кәріз жүйесі 61 жыл бұрын салынған Фото: Inbusiness.kz

Тараз қаласының кәріз жүйесі 1962 жылы іске қосылған

Жалпы Тараз қаласынан шығатын шайынды сулардың мәселесі Жамбыл ауданы тұрғындарының бас ауруына айналғанына біраз жыл болды. Кәріз суларының жағымсыз иісі көктем-жаз айларында сүзу алаңының маңындағы егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін аса қолайсыздық тудыруда.

Жамбылдық ғалым, PhD докторы Маржан Қалмаханованың айтуынша, шайынды сулардың сүзгіден өткенде тек 30 пайыздай ғана тазаланып шығады екен.

"Сүзу алаңының маңында егістік алқаптары бар. Жыл сайын шаруалар сол жерге пияз егеді. Талап бойынша қалдық сулар бірнеше сүзгіден өтіп, залалсыздандырылған соң жерге сіңуі керек. Ал тұндырғыштардан өткен қалдық сулар толық тазаланбағандықтан, бірге ағып шыққан зиянды заттар топырақта қалады", - дейді ғалым.

Жаңа сүзу алаңының құрылысы 2025 жылы басталады. Нысан 2027 жылы аяқталады деп күтілуде.

Кәріздік тазарту қондырғысы құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишевтің мәлімдеуінше, сүзу алаңын салуға Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 километр қашықтықтан жер  бөлінген.

Алаңның жалпы ауданы 42,44 гектарды құрайды. Оның 14 гектарына уақытша тұндырғыштар қамтылмақ. Ол кейіннен ағынды суларды апаттық ағызу үшін жоспарланған.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен кәріз суларын тазарту құрылыстарын салу, реконструкциялау, жаңғырту жобаларын іске асыру, жобаларын іріктеу, қарау, келісу және мониторингілеу әдістемесі бекітілген. Осыған сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі "ХҚҰ-ның водоканалдарға кепілдікпен қарыз алуы" тетігі бойынша кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларының Жол картасын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Техникалық-экономикалық зерттеу және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін Еуропалық қайта құру және Даму банкі 340 мың еуро көлемінде гранттық қаражат бөлді", – дейді Мұрат Оразбайұлы.

Тараз қаласындағы кәріз суларын тазарту құрылыстарын жобалау, салу және қаржыландыру мәселелерін пысықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ келісімін берген негіздеме бойынша Еуропалық қайта құру және Даму банкінің электрондық мемлекеттік сатып алу алаңында конкурс өткізілді.

Жеңімпаз "СЕСТ Consulting" компаниясымен келісімшарт жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу