Тараз қаласының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

1414

Айдың-күннің аманында электр қуатының жиі өшуі тұрғындарды мезі еткен. 

Тараз қаласының тұрғындары жарыққа жарымай отыр Фото: freepik

Тараз қаласында бауын тапса, байлауын таппаған өзекті мәселелер аз емес. Әсіресе айдың-күннің аманында электр қуатының жиі өшуі тұрғындарды әбден зәрезап қылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселен Тараз қаласының тұрғыны Жұмасейіт Нұрбаевтың сөзіне сүйенсек, шаһардың шеткі аумақтарында емес, орталығында орналасқан Рысбек батыр көшесінің қиылысындағы үйлерде электр жарығы бір күн болса, бір күн жоқ екен. 

"Бұл маңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, сәл әріде Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі және басқа да мекемелер шоғырланған. Дүниенің бәрі электр қуатына тәуелді болған қазіргі уақытта олар қалай қала тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр? Қас қарайып, ымырт үйіріле қараңғылық құшағында қалатын тұрғындардың обал-сауабы кімге? Қалалық әкімдікке, диспетчерге телефон соғудан шаршадық. 

Бақытжан Орынбеков мырза сіз қала әкімі тағайындалғанда облыс орталығының тыныс-тіршілігін бес саусақтай білетін, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарған іскер азамат келді деп өз басым қуанып едім. Бекер екен.
Тұтынған электр қуатына бір тиын қарыз болсаң қалалық электр қуатын тарату кәсіпорны ма, әйтеуір бір "мықты" жарығыңды өшіріп тастайды. Ал біздің дауыл жоқ, тіпті үп еткен жел де жоқ, айдың-күннің аманында жарықсыз қалуымызға кім жауап береді?", - дейді ашынған тұрғын. 

Сол секілді "Шөлдала" тұрғын алқабының тұрғыны Гүлназира Шымыртаева да электр жарығының жиі өшуі қалыпты жағдайға айналғанын жеткізді.

"Тура бір тоқсаныншы жылдары өмір сүріп жатқан секілдіміз. Екі күннің бірінде үйімізде электр қуаты жоқ, интернет жылдамдығы төмен. Қашанғы бұлай жалғаса береді. Жауаптыларға мәселемізді айтсақ, уәдені үйіп-төгіп кетеді. Бірақ "баяғы жартас, сол жартас". Амал жоқ, бәріне көніп отырудан басқа амалымыз жоқ", - дейді тұрғын. 

Ал Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төленді тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің назарға алынғанын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу