Тараз табиғаттың тосын мінезіне тағы да дайын болмады

4286

Соңғы жылдары Жамбыл облысында табиғаттың тосын мінез танытуы тым жиілеп кетті.

Тараз табиғаттың тосын мінезіне тағы да дайын болмады Фото: Тараз қаласы әкімдігі

Көктем мен жазда құрғақшылық қыспаққа алса, күзде дауыл жел, нөсер жаңбырдан көз ашпай, ал қыста қалың қар айтарлықтай қиындықтар туғызып жүр. Кеше де облыс орталығы Тараз қаласында қатты жел тұрып, екі кештің арасында тұрғындардың мазасын қашырып, тынышын алды. 

Қатты жел салдарынан қала аумағында электр жарығы, газ өшіп, бағдаршамдар істен шығып, тұрғын үйлердің шатырлары ұшты. 3 көлікке зақым келіп, 9 адам зардап шекті. Желдің екпіні қатты болғаны соншалық, электр бағаналары құлап, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. 

Қазіргі уақытта "Жасыл ел – Тараз" мекемесінің жұмысшылары көшелерді құлаған талдардан тазартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 

Жалпы 2024 жылғы 11 қаңтар, сағат 08.00-дегі мәлімет бойынша, 109 қызметіне 300 өтініш түскен. Электр жарығы өшкені туралы – 249, газ өшкені туралы – 2, балкон шатыры құлауы туралы – 1, тал құлағаны туралы 22 өтініш тіркелген. Тараз қаласы әкімдігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, қала аумағында құлаған тал мен бұтақ саны – 50. Ал тазарту жұмыстарына 130 адам, 5 техника жұмылдырылған. 5 "КамАз" көлігінің щеткасымен жол жағалары сыпырылып, тазалануда. Электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарына 12 бригада (46 маман, 14 техника) жұмылдырылған.

Сонымен қатар электр қуатынан ажыраған алқаптарға жарық берілген. Кейбір көшенің үйлерінде ішінара жарық жоқ, ақауларды жою бойынша жұмыстар жалғасуда. 

Әрине бүгін-ертең қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Дегенмен алдағы уақытта қаланың коммуналдық қызметіне көңіл бөлуді күн тәртібіне шығаратын кез келген секілді. Әйтпесе кейінгі кезде үп кеткен жел тұрса үйдей мәселелер туындап, шаһар тұрғындары шыбын жанын шүберекке түйіп отыратын болған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу