Биыл Жамбыл облысында қазақтың Жаңа жылы 9 күн тойланады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
15 наурыз "Береке күні" – облыс аумағында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Келесі "Тағзым күні" – қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем осы кезде келеді деп естептелген. "Өлі разы болмай тірі байымайды" деген халқымыз үшін ата-бабалар рухына тағзым ету маңызды. Оның үстіне биылғы 16 наурыз аптаның жұма күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл күні мешіттерде арнайы құран бағышталады, жастар Отан қорғаушыларға арналған ескерткіштерге гүл шоғын қояды.
"Қала бойынша 28 мешіт бар. Имамдармен, облыстық мешіттің басшылығымен жұма намазда Наурыз мейрамының облыс бойынша үлкен көлемде аталып өтетіндігін және көпшілік орындарда, Атшабар скверінде тегін Наурыз көже мен ыстық бауырсақтар таратылатындығын ескертеміз. Қала бойынша барлық іс-шараға 4 млн теңге бөлу жоспарда. 15-20-ға жуық жеке кәсіпкерлер мен қала әкімдігіне қарасты бөлімдер түрлі қайырымдылық акцияларына демеушілік жасап, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысады", – деді қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.
Сонымен қатар 17 наурыз "Алас күні" деп бекітілген. "Алас" дегеніміз тазару деген мағынаны білдіреді. Бұл күн "Бұлақ көрсең – көзін аш" айдарымен жалпыхалықтық сенбілік өткізу, облыстық мешіттің маңы мен тұңғыш Президент саябағында тал-дарақтар отырғызу жоспарланған.
"Шаттық күні" жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге аймақ басшыларының атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленетін болады.
19 наурыз – "Ынтымақ күні" аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері мен "достық фестивальдері" жоспарланған. 20 наурыз "Наурыз шашу" – жер-жерлерде киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Ақындар айтысы мен түрлі конкурстар, төменгі бағамен сатылымдар мен жәрмеңкелер, көпшілік серуен ұйымдастырылады. Ал 21 наурыз – күн мен түн теңеледі. Бұл күнді "Үйлесім күні" деп атауы да осыған байланысты. Бұл түні 22-сі күнгі таңды қарсы алуға орталық алаңға жастар жиналып, салтанатты мейрам таңды күтіп алумен басталады. Ал 22 наурыз – "Ұлыс күні" негізгі мерекелік шаралар өтеді. Көпшілікке Наурыз көже таратылып, үздік киіз үй байқауы, театрландырылған көріністер, мерекелік концерт, сонымен қатар жастар арасында ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады.