Таразда бірнеше маңызды нысан орталық жылу жүйесіне қосылмаған

434

Шаһардағы ең үлкен туристік кешеніндегі 5 нысанның өзіндік шығыс стилі сырттай көзге жылыұшырай көрінгенмен, қыстай іші суық.

Таразда бірнеше маңызды нысан орталық жылу жүйесіне қосылмаған Фото: inbusiness.kz

​Өйткені 5 бірдей тарихи-мәдени, туристік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Қыстай электр қуатымен жылытылады.

​Атап айтсақ, "Көне Тараз" тарихи-этномәдени кешендегі "Тараз-Туризм", Шерхан Мұртаза атындағы облыстық руханият және тарихтану орталығы, көркем Галерея, Жамбыл облыстық өлкетану музейі, Көрме павильоны 4 жылдан бері қыстай жылуға жарымай келеді.

​Аталған нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу туралы мәселе былтыр желтоқсан айында тағы көтерілген. Бірақ осы мекемелердің қызметкерлері биыл да электр жылыту батареялары арқылы беріліп отырған мардымсыз жылуды місе тұтып, қысты өткізетін болды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілиястың айтуынша, музейдегі жылыту электр жабдықтары толығымен жаңартылыпты. Бірақ, қазіргідей 20 градустық аязда соның өзі қамзау болмасы анық.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембаев 2024 жылы  нысандарды орталықтандырылған жүйеге қосу жоспарланғанын айтады. Ол үшін тиісті сараптама жүргізілген.

Ал Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Исабековтың айтуынша, "Көне Тараз" кешеніндегі нысандардың жылу жүйесі бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын екен.

"Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаның болжамды құны350 миллион теңгені құрайды. Оң қорытынды шығарылса, қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады", - дейді Н.Исабеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу