Кеше Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясынын президенті Марат Омаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын. Федерация басшысы өз сөзінде алдағы жылдары үш қалада (Тараз, Қарағанды және Астана, Алматы, Алатау қалаларының бірінде) футбол академиясы соғылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Федерация толық көлемді футбол алаңдарының санын арттырып, бұған дейін жарияланған стадиондар, жабық манеждер мен футбол академияларының құрылысын жалғастырады. Сондай-ақ, спорттық нысандарды жаңарту бойынша жергілікті атқарушы органдармен және инвесторлармен бірлесе жұмыс атқарамыз" деді басқосуда Марат Омаров.
Бұл жаңалықты Жамбыл жұртшылығы үлкен қуанышпен қабыл алды. Осы орайда "Тараз" футбол клубының спорттық директоры Ұлан Қонысбаевты сөзге тартып, футбол академиясын ашуға байланысты ойын сұраған едік.
"Академия міндетті түрде болуы керек. Тараздан таланттар көп шыққан. Әлі де шыға беретініне сенім зор. Академия еліміз бойынша бірнеше қалада ғана бар. Және оның пайдасын, тиімділігін елдің барлығы біледі. Мәселен, кеше ғана "Челси" клубына ауысқан Дастан Сәтпаев сөзіміздің айқын дәлелі деуге болады. Алматылық "Қайрат" академиясының тәрбиеленушісі ресми "Челсиге" сатылды.
Ондай балалар әлі талай шығады. Академиясы, футбол орталығы жоқ аймақтарда қаншама жасөспірім көрінбей қалып жатқанын ешкім білмейді. Олардың барлығын ел-елді аралап тауып, іріктеп, арнайы академияда оқытып, дайындаса әлемнің әйгілі клубтарында доп тебетініне, еліміздің футболы дами түсетініне сенуге болады.Академия салып, инфрақұрылымын стандартқа сай қылып, білікті мамандар тартып, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етсе жақсы нәтиженің болатыны анық. Әрине оны іске асыру үлкен еңбекті, қаражатты қажет етер, бірақ мұны бұл заманда қажет дүние деуге болады", – дейді Ұлан Әбиірбекұлы.