Таразда оқушылардың қатысуымен 18 қылмыс тіркелген

746

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 53 қылмыс тіркелген. 

Таразда оқушылардың қатысуымен 18 қылмыс тіркелген Фото: inbusiness.kz

Құқық қорғау органдары тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық азаяр емес. Мәселен, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында жасаған баяндамасына сүйенсек, 9 айдың қорытындысы бойынша қала аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 37 қылмыс жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Осы 37 қылмысты 37 жасөспірім жасаған болса, соның ішінде мектеп оқушыларымен 18 қылмыс, колледж білімгерлерімен 16 қылмыс жасалған. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 53 қылмыс тіркеліп, (2023 – 54) өткен жылмен салыстырғанда 1 дерекке немесе 1,9 пайызға төмендеген", – дейді қала әкімінің орынбасары.

Комиссия отырысында келтірілген деректерге сүйенсек, қаладағы мектептерде оқитын балалардың қатысуымен 18 қылмыс жасалыпты.

Жуырда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Тараз қаласындағы студенттік жатақханаларды тексерді.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышевтың айтуынша, жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 28 пайыздан астам жағдайда кәмелетке толмағандар кешкі уақытта сағат 18.00-ден бастап қылмыс жасайды. Дәл кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандар жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстардың 37 пайыздан астамы анықталып жатады.

"Қылмыс жасаған жасөспірімдердің көпшілігі колледж студенттерінің қатарынан болады. Осыған орай өткізілген іс-шара барысында студенттердің өз бөлмелерінен кетпей "коменданттық сағатты" сақтауы бақылауға алынды. Жатақхана қызметкерлерінің студенттердің түнгі уақытта бақылаусыз кету, спирттік ішімдіктер, темекі өнімдерін пайдалану деректеріне жол бермеуіне ерекше назар аударылды.

Заңды өкілдердің көпшілігі балаларын жатақханаға жібере отырып, олардың бос уақыты мен байланыстары туралы білмейді. Олардың жұмыстан қолы босамауы немесе басқа себептерге байланысты үнемі бақылау жасауға мүмкіндігі бола бермейді. Жасөспірімдерді кез келген заңсыз қол сұғушылықтан қорғау үшін аталған рейдтер облыстың барлық жатақханалары бойынша жалғасатын болады", – деді Ә.Қалышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу