Таразда толассыз жауған қардың қалыңдығы 50 сантиметрден асты

260

Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Таразда толассыз жауған қардың қалыңдығы 50 сантиметрден асты Фото: Алтынбек Қартабай

Тараз қаласында бірнеше күннен бері толассыз қар жауып, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта қардың қалыңдығы 50 сантиметрден асты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ақпанның 10-ына дейін табиғат көктем шығып кетердей жаймашуақ мінез танытса, сәрсенбі күні алдымен толассыз жаңбыр жауып, соңы қарға айналды. Үздіксіз, бірнеше күн бойы майдалап жауған қар қазір тізеден асады. Қала көшелері мен аулалар ақ көрпеге оранып, адам тұрмақ техникалардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін дәрежеге жетті.

Ауа райының күрт бұзылып, қалың қар түсуіне байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жолдарды тазалау және қысқы күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.

Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға 21 мердігерлік ұйым тартылып, 178 арнайы техника жұмылдырылған. Облыс бойынша алдын ала дайындалған 14 925 тонна құмның 9 658 тоннасы және 1 500 тонна тұздың 920 тоннасы қолданыста бар.

Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қызмет көрсету үшін 11 мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта олардың қорында 5 350 тонна құмның 3 477 тоннасы және 535 тонна тұздың 340 тоннасы сақтаулы. Қысқы жұмыстарға 85 жол техникасы мен арнайы жабдықтар тартылған.

"Тараз қаласының көше желілерін қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын "Жасыл Ел-Тараз" ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі таңда мекеме күшейтілген режимге көшкен. Серіктестіктің қоймасында 2 600 м³ құм және 1 530 тонна тұз қоры бар. Жұмысқа 50 техника мен арнайы жабдық жұмылдырылған. 300-ден астам қызметкер жұмыс істеуде.

Cонымен бірге жолдарды тазалау жұмыстарына құрылыс компанияларының техникалары тартылуда. Қажет болған жағдайда қосымша ауыр техниканы жалға алу үшін қосалқы ұйымдармен келісімшарттар жасасу қарастырылған" - дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахмет. 

Қардың қалың жаууы, боран, қатты жел және көріну қашықтығының төмендеуіне байланысты өңірдегі бірнеше республикалық маңызы бар автожолдарда шектеу енгізілген. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, 2026 жылғы 11 ақпанда сағат 17:30-дан бастап Қордай ауданында "Алматы-Ташкент-Термез" автожолының 159-238 шақырым бойындағы Кенен ауылы мен Қайнар ауылының арасы, жаңа және ескі Қордай асуы арқылы өтетін учаскеде жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын көліктердің қозғалуына шектеу қойылған.

"Сол күні сағат 08:30-дан бастап Жуалы ауданында да ауа райының қолайсыздығына байланысты "Алматы-Ташкент-Термез" автожолының 593 пен 534-шақырымы аралығында Түркістан облысының шекарасы мен Айша бибі ауылы арасында жүк автокөліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Күйік асуында да жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын көліктерге уақытша шектеулер қойылды. 

Осы уақытта төтенше жағдай қызметкерлері өңір жолдарында бірнеше авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді. Жуалы ауданында техникалық ақауға байланысты жолда қалған жеңіл автокөлік жолаушыларына көмек көрсетіліп, адамдар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді.

Шу ауданында дала жолында балшыққа батып қалған жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қауіпсіз жерге шығарылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде барлығы 7 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер тіркелмеді, медициналық көмек қажет болмады. 

Құтқарушылар аса қажеттілік болмаса, жолаушыларды әзірге алыс жолға шықпауға шақырады. Төтенше жағдай орын алса, 112 немесе 101 нөмірлеріне хабарласу керектігін еске саламыз", – деді К.Карташова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу