Таразда үй салғандар мүлкін заңдастыра алмай жүр

358

"Шөлдала" тұрғын алабына жер телімін сатып алып, үй салғандар біраз жылдан бері жылжымайтын мүлкін заңдастыра алмай жүр.

Таразда үй салғандар мүлкін заңдастыра алмай жүр Фото: inbusiness.kz

​Тұрғындар кезінде 28 кооперативтің басшыларынан жер учаскесін саяжайлық кітапшасымен сатып алған. 2018 жылдан кейін сатып алушылар жер телімін де, салған үйлерін де заңдастыра алмай қалған.

​Тараздық Данияр Абдалиевтің айтуынша, 2021 жылы "Шөлдаладан" жер учаскесін сатып алған екен. Саяжайлық кітапшамен алған жерді заңдастыру үшін жергілікті әкімдікке барса, ондағы мамандар заң өзгергенін айтып, қазір саяжайлық құжатпен мүлікті заңдастыруға болмайтынын жеткізіпті.

​Мамандардың түсіндіруінше, бұрынғы саяжайдан жер телімін 2018 жылға заңдастырғандарға ғана "көк қағаз" берілген. Одан кейінгілер ала алмайды екен.

​"Шөлдаладан" жер учаскесін 2019 жылы сатып алып, үй салған тұрғын Әлия Ғали да құжаттарын заңдастыра алмағанын айтып шағымданды.

​"Салған үйіміздің құжат жүзінде иесі атана алмай отырмыз. Күйеуім осы шаруаны реттеу үшін қанша рет әкімдікке барды. Заңдастырып ала алмады", - дейді ол.

​Ал Ақмарал Көлденова 4 жыл бұрын жер телімін сатып алып, бос жерге құжат жасата алмай отырғанын айтады. "Үй салмасам, жерімнен де айырылып қалам ба?" - деген уайымын айтты жалғызілікті ана.

​Тараз қаласы әкімдігі бұл проблемадан хабардар. Әкімдіктегілер проблеманың шешімін табудың қиынға соғып отырған себебін бұл тұрғын алаптың бұрын кооперативтің құрамында болғандығымен байланыстырады. Кооператив тараған кезде басшылары жерлерді саяжайлық кітапшамен заңсыз сатып кеткен. Сондықтан қазір құжаттандыруға келген кезде қиындықтар туындауда.

"Тұрғын алаптан 2018 жылдан кейін жер телімін алғандар жер қатынастары бөліміне барып өтініш жазады. Содан кейін комиссия тексеріп, шешім қабылдайды. 2018 жылға дейін жерін, үйін заңдастырғандар сол кездегі ережеге сүйенген. Қазір ереже басқа. Жылжымайтын мүлік енді электронды база арқылы құжаттандырылады. База саяжайлық кітапшаны қабылмадай отыр. Ендігі шешім – комиссияда", - дейді Тараз қаласы әкімдігінің бас инспекторы Ернұр Үдербаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу