Таразда жаяу жүргіншілер жолы жүруге жарамсыз

1131

Тараздың шағын және шалғай аудандарының тұрғындары күн өткен сайын көшеге шығу мұңға айналып барады деп шағым айтуда.

Таразда жаяу жүргіншілер жолы жүруге жарамсыз

Жалпы қаланың сырт көзден сыртқары шағын аудандарындағы жаяу жүргіншілер жолы жөнделмегелі біраз жыл болған. Тұрғын үйлер арасындағы жолдың жайы тіпті сын көтермейді. Тұрғындар, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үйге кіріп-шығуымыз қиындап кеткенін айтады.

Мыңбұлақ шағын ауданындағы және Жібек жолы базарларын байланыстыратын жолдың, №41 және №47 гимназияларға баратын жаяу жүргіншілердің жолы өте тар, асфальті ойылып-ойылып, мүлдем жарамсыз болып қалған. Ол жолмен екі адам қатар жүре алмайды.

Ал Самал ықшам ауданындағы канал бойындағы жолды қоқыс тасушылар тоздырып бітті дейді тұрғындар. "Ересек адамдар ептеп амалдап жүре тұрар, ал осы аудандағы №39 орта мектепке, №45 гимназияға және №6 балабақшаға баратын балаларға обал", – дейді Индира Тохабаева.

Амалсыз мүгедектер арбасына таңылған Дилафруз Махмадулоева тоз-тозы шыққан жаяу жүргіншілер жолы тағдырын тіпті қиындатып жібергенін айтады. "Мен үшін тротуарлардың жағдайы – маңызды мәселе. Төрт жыл бұрын біздің ауданда асфальт төселді, ал мен тұратын 2-ші тұйық көшені айналып өтті. Осыны айтып, әкімдікке барып едік, мәселе шешілмеді. Бұл үйде менен басқа үйде мүгедектігі бар тағы бір адам тұрады. Арбамен лай батпақпен жүру аса қиын", – дейді ол.

Тараз қаласының әкімдігі алдағы уақытта тұрғын үйлер арасындағы және жаяу жүргіншілер жолдары желісін жақсарту жоспарланғанын айтты. Бірақ тағы да бірінші кезекте қаланың орталық бөлігінен басталады. Ал шеткі аудандардың, шағын аудандардың, шалғайдағы алаптардың тұрғындары жолдың жөнделетінін әлі қашанғы күтер екен.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу