Таразда қарсы бетке шығып кеткен автобус 10 көлікпен соқтығысқан. Оқиға қаланың қақ ортасындағы негізгі жолдың бірі саналатын Төле би көшесінде, банк бөлімшесінің жанында орын алған.
Оқиға орнынан видео мен фотосуреттерді қала тұрғындары түсіріп, әлеуметтік желіге салды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ірі жол-көлік оқиғасы бүгін, 4 қаңтарда сағат 10:45 шамасында тіркелген.
"Тараздағы Төле би даңғылымен келе жатқан №56 маршруттық автобусының 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан тұрақта тұрған көліктермен соқтығысқан (10 бірлік автокөлікпен). Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 10 жолаушы болғаны анықталды. Олардың бірі – жарақат алған 56 жастағы әйел, қалалық ауруханаға жедел жеткізілді", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Аталған факт бойынша автобус жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Жол-көлік оқиғасы болған жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.