Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары Кәусар Мұрзалиева мен Назерке Қырманшиева "Ақылды үйдің" жобасын жасап шықты. Бұл жобаның басты мақсаты – үйлерді жер сілкінісі кезінде ауа жастықшалары арқылы қорғау, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Ауа жастықшасын пайдалана отырып, ақылды үйді басқарудың зияткерлік жүйесін әзірлеу" деп аталатын жоба ғимараттың негізіне орнатылған арнайы ауа жастықшалары арқылы жер сілкінісі кезінде үйлердің зақымдануын барынша азайтуға мүмкіндік бермек. Яғни, оның ерекшелігі – жастықшаның автоматты түрде үрленіп, үйлердің іргетасын 3 сантиметрге дейін көтеруі. Бұл тербеліс күшін төмендетіп, ғимараттардың бұзылу қаупін азайтады.
Кәусар мен Назеркенің айтуынша, бұл идея жапониялық қауіпсіздік технологияларынан алынғанымен, Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр.
Жобаны әзірлеу барысында олар "Arduino" платформасын пайдаланып, компрессор арқылы жұмыс істейтін жүйені құрастырған.
Жер қыртысының қозғалысын анықтайтын сенсор сигнал берген кезде жүйе іске қосылып, ауа жастықшалары үрлене бастайды. Жер сілкінісі аяқталған соң жастықшалар қайтадан бастапқы қалпына келеді. Бұл жоба тек теория жүзінде емес, тәжірибелік макет түрінде де жасалған. Оқушылар қолжетімді материалдардан құрылғының шағын үлгісін жасап, оның тиімділігін де сынақтан өткізіп үлгерген.
Жобаның авторлары бұл жұмысты одан әрі дамытуды қалайды.
"Жер сілкінісінен қорғау технологияларының қолжетімді болғанын қалаймыз. Егер бұл жүйе кеңінен қолданылса, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесе алады", – дейді оқушылар.