Республикалық маңызы бар "Павлодар - Успен - Ресей Федерациясының шекарасы" автожолында Volvo маркалы үлкен жүк көлігі істен шықты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Успен ауданының Ковалевка ауылынан үш шақырым жерде 35 градус аяздың әсерінен көліктің отын жүйесі қатып қалған.
"Қақаған аязда тараздық жүргізушінің өміріне қауіп төнген. Үлкен жүк көлігі Ресей Федерациясының Томск қаласынан Қазақстан Республикасы Тараз қаласына бағыт алған. Успен ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен әкімдігі қажетті көмек көрсетіп, арнайы құрылғының көмегімен жүк көлігін жылыту жұмыстарын жүргізген. Оның өз автокөлігіне жаздық отын құйғаны анықталды, - деді департаменттегілер.
Бүгін тараздық жүргізуші қайта жолға шығып, Оңтүстік Қазақстан облысына сапарын жалғастырды. Төтенше жағдайлар мамандары автокөлік иелеріне алыс сапарға шыққанда және солтүстік аймақтардан өткен кезде толық қатып қалатындықтан, жаздық отынды құймауға кеңес береді. Бұл жолы көліктің елді мекенге жақын маңда тоқтап қалуы қауіптің алдын алуға септігін тигізген.