1963 және 1989 жылдары пайдалануға берілген кәсіпорын 685Гкал жылу өндіреді. Қазір энергия орталығында үш бу қазандығы мен екі бу турбинасы, төрт су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр.
ҚР-4-те екі бу және төрт су жылыту қазандығы бар.
Кәсіпорын "Таразтрансэнерго" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының желілері арқылы шаһардың басым бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр.
Орталық 1042 көпқабатты тұрғын үйге, 7 денсаулық сақтау объектісіне, 46 білім беру мекемесіне және өзге де бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді.
Ескі жабдықтарды жөндеуден өткізіп, жылу беру маусымына дайындалған орталық алғашқы 35 градустық аязды күндердегі "сынақты" аман-есен, келеңсіз жағдайға ұрынбай өткізді.
Кәсіпорын бірінші "емтиханнан" сүрінбей өткенмен, бірқатар жылу желілері қара суық түспеген қараша айының өзінде "сыр" берген болатын.
Жылу беру маусымы басталған кезде Таразда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерінен түрлі ақаулар анықталған.
Айталық Тараз қаласындағы 7 білім нысанындағы жылу құбырлары жарылып, жылу айналымы дұрыс болмай шыққан.
Мамандар дер кезінде №1, 5 мектептердің ішкі жүйелерінде жылудың айналымын ретке келтірді. Ал №8, 34, 43, 44, 45 мектептердің жарылған жылу құбырлары қалпына келтірілді. №28 мектеп пен №9 балабақшада күрделі жөндеу жүргізілді.
Сондай-ақ тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу кезінде Тараздағы 16 тұрғын үйдің жертөлесінде жылу желілері жарылып кеткен еді.
Тұрғындардың шағымынан кейін жұмыс топтары жертөледегі жылу жүйелеріне зерделеу жүргізіп, тұрғын үйлердің элеваторлық тораптары, дроссельдік құрылғылары тазаланып, пәтерлердегі ішкі тікқұбырлар мен жылу радиаторларынан бос ауаны сыртқа шығарып, жылу айналымы ретке келтірілді.
Жылу беру кезеңінің алғашқы айлары артта қалды. Алайда жылыту маусымы сәуірдің бірінші онкүндігі аяқталады.