Алматыда "Ахляк" балабақшалар желісінің негізін қалаған Амина Юсупбаева қаладағы бөлімшелердің бірінде болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, зардап шеккен баланың ата-анасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан босатылды, ал директорларға айыппұл салынған. Сондай-ақ оқиға болған филиалдың қызметі тоқтатылды.
"Жұбайым екеуміз алғашқы балабақшамызды ашқанымызға 10 жылдан асты. Көпбалалы ата-ана ретінде біз де басқалар сияқты мектепке дейінгі білім берудің барлық құндылығы мен жауапкершілігін түсінеміз. Жұбайым екеуміз ұйымның атынан балаға келтірілген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз", - деді Амина Юсупбаева.
Мекеме басшысы мұндай жағдай бірінші рет болды деп отыр. Ол зардап шеккен кішкентай баланың ата-анасынан кешірім сұрап, тәрбиешінің іс-әрекетін айыптайтынын және қолдамайтынын жеткізді.
Кәсіпкер балабақша қызметкерлері мекемеде бейнебақылау камералары бар екенінен хабардар болғанын айтты. Енді мекеме басшылығы балалармен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешілерді іріктеу және жұмысқа қабылдау процесін толығымен қайта қарамақ.
Айта кету керек, осыған дейін Алматыда балабақша тәрбиешісі 4 жасар баланы тұншықтырғанын жазған болатынбыз.