Тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі 3,8 мың бала сауықтыру орталықтарына жіберіледі

151

Елімізде 10 743 демалыс орындарында 2,9 млн бала жазғы демалысын өткізеді.  

Тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі 3,8 мың бала сауықтыру орталықтарына жіберіледі Фото: rikatv.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Айта кету керек, осыған дейін төтенше жағдай жарияланған өңірлердің 3581 оқушысы аралық және қорытынды емтиханнан босатылғанын жазған болатынбыз.

"Елімізде 10 743 демалыс орындарында 2,9 млн бала жазғы демалысын өткізеді. Оның ішінде 10 мың бала – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 240 мың бала – маусымдық, 2,6 млн бала – мектеп жанындағы, 75 мың бала – шатырлы және киіз үйлі демалыс орындарында демалады. 182 демалыс орталықтарының 150-і 1-10 маусым аралығында іске қосылады. Ал, қалған 32 демалыс объектісі жұмысын 15 маусымнан бастайды", - деді Ғани Бейсембаев.

Балалардың бос уақытын ұйымдастыру бағытындағы еңбекпен, туристік, шығармашылық, интеллектуалдық іс-шаралармен  2,7 млн бала қамтылады.

"Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары, сапалы деңгейде ұйымдастыруы қажет. Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру тәсілдері бойынша үлгі болатын "Ұлы Дала кереметі" (Павлодар), "Jas galym" (Шымкент), "Гастро туризм" (Жетісу), "Бір күн қалада" (Солтүстік Қазақстан), "Қонақжай отбасы" (Шығыс Қазақстан) және т.б. бірегей жобалар бар. Өңірлік әріптестер жұмыс барысында бұл үздік жобалармен өзара тәжірибе алмасса, балалар демалысы мазмұнды және көңілді өтуіне мүмкіндік беретіні анық", - деп жалғастырды министр.

Сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен өңірлер балаларының демалысы  ерекше назарда.

"Бүгінгі күні 614 бала демалыспен қамтылды. Қазіргі уақытта 628 бала демалуда. Алдағы уақытта 3 883 бала сауықтыру орталықтарына жолданатын болады", - деді Оқу-ағарту министрі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу