Таяу болашақта кен орындарының қорлары таусылады – Серікқали Брекешев

896

Пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатері - қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алатын болсақ, тиісті толықтырусыз көптеген игерілетін кен орындарының қорлары таяу болашақта таусылатын болады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Таяу болашақта кен орындарының қорлары таусылады – Серікқали Брекешев

Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді (хром бойынша – 1 орын, вольфрам бойынша – 2 орын, мырыш, қорғасын бойынша – тиісінше 3 және 4 орын, мыс бойынша – 6 орын). 

Осыған байланысты, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау бойынша негізгі әдістердің бірі болып табылады.

"Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатылары жүргізілген немесе жүргізіліп жатқан елдерге инвесторлар өз қаражатын кен орындарын барлау үшін салады", - дейді министр.

2025-2040 жылдарға қарай Шығыс Қазақстанда қала құраушы және өңір экономикасына әсер ететін (Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольное) бірнеше ірі кен орындары игеріледі деп болжануда.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялар 1 шаршы километрге төмен. Бізде – 11 доллар. Ал Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. 

Қазақстан Республикасындағы мұнайдың баланстық қоры (А+В+С1+С2 санаттары бойынша) 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн текше метр, конденсат – 420,5 млн тонна құрайды. Қордың басым бөлігі Атырау (75%) және Маңғыстау (11%) облыстарында шоғырланған. Бұл ретте, көмірсутек шикізаты қорының 70%-ға жуығы 3 ірі кен орындарының – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ үлесіне тиесілі.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу