"Таза Қазақстан": Жамбыл облысында биыл 17 миллионға жуық көшет отырғызылады

99

Көктем айларында 3200 гектар жерге 9,4 миллион ағаш егілетін болады. 

"Таза Қазақстан": Жамбыл облысында биыл 17 миллионға жуық көшет отырғызылады Фото: Ақәділ Рысмахан

Жамбыл облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында бүгінге дейін 45,8 мың көшет отырғызылып, 1,5 мың шақырым көше жолдары мен 410 шақырым арық жүйелері және каналдар тазаланған. Сонымен қатар, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер абаттандырылып, 1,8 мың тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмыстарға 16,8 мың адам мен 850-ден аса кәсіпорын, мекеме қатысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қоры жерлерінде 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасы аясында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 143 миллион дана ағаш отырғызу көзделген. Осы жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 60,9 мың гектар алқапқа 112,8 миллион дана ағаш отырғызылып, жоспар толық орындалған. Ал биыл 9,8 мың гектар аумаққа 16,7 миллион көшет отырғызу жоспарланған, оның ішінде көктемде 3200 гектар жерге 9,4 миллион ағаш егіледі.

Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын- үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұнғатовтың келтірген деректеріне сүйенсек, Президенттің елді мекендердің аумағына 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы аясында "Жасыл белдеу" өңірлік жоспары толық іске асырылып, 814,6 гектар аумаққа 970 мың түп ағаш отырғызылыпты. Жоспар шеңберінде 2021-2024 жылдары 775 мың, ал 2025 жылы 199 мың ағаш отырғызылып, белгіленген межелер артығымен орындалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу