Тәжікстан Қазақстаннан алған әскери техниканы үшінші тарапқа беріп жібермей ме?

1023

"Мүлікті үшінші тарапқа беруге тыйым салуды сақтайтын норма жоқ".

Тәжікстан Қазақстаннан алған әскери техниканы үшінші тарапқа беріп жібермей ме?

Қазақстан Тәжікстанға оқ-дәріден басқа да өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді. Алайда бізден алған әскери мүліктерін үшінші тарапқа беріп жібермей ме? Депутат Фахриддин Қаратаев осындай күдік айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасы талқыланды. 

Заң жобасында берілетін әскери-техникалық мүліктердің атауы мен көлемін "тараптардың уәкілетті органдары дипломатиялық арналар арқылы келіседі" деп көрсетілген.

Депутат Фахриддин Қаратаев Заң жобасының кейбір тұсына күмән келтірді.

"Келісімнің 1-бабында "Тәжікстан алған әскери мүлікті осы келісімнің мақсаттары үшін пайдаланады және үшінші тарапқа бермейді" деп бекітілген. Осы ретте, 6-баптың екінші азат жолына сәйкес, келісім Тәжікстан тарапына әскери мүлік толық берілген кезден бастап өз қолданысын тоқтатады. Яғни мүлікті үшінші тарапқа беруге тыйым салуды сақтайтын норма жоқ", –деді депутат.

Бұған Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев былай жауап берді: "Әскери мүлікті Тәжікстан Қарулы күштері ғана пайдаланады. Бақылау бойынша хаттама бар бізде. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының келісімі аясында қарастырылған. Сондықтан Тәжікстан үшінші тарапқа бермеу туралы жауапкершілікті өзіне алады".

Оның жауабын Әділет вице-министрі Наталья Пан да қуаттап, мәселе туындамайтынына сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу