Астана-Лениногорск бағытында жолға шыққан 200-ден астам адам "Тұлпар-Тальго" техникалық вагонының ақауы салдарынан басқа құрамға отырғызылды. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінен хабарланды, деп жазады КазТаг.
"4 қаңтар күні Астана-Лениногорск бағытындағы №375 пойыздың жолында "Тұлпар-Тальго" техникалық вагонының ақауы салдарынан жолаушылар вагонындағы температуралық режим төмендеп кеткен. Аталмыш пойыздағы 220 жолаушы Семей ст. стандартты вагоннан тұратын басқа құрамға отырғызылып, баратын жерлеріне жеткізілді", - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Компанияда мәлімдегендей, жолаушыларға жолақы айырмашылықтары қайтарылатын болады.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ келтірілген келеңсіздіктер үшін кешірім сұрайды. Техникалық вагонның бұзылу себебін қызмет көрсетуші компания қызметкерлері анықтап жатыр.