Желіде тараған коронавирустық инфекция кезінде темекі шегу пайдалы деген ақпараттар жалған. Керісінше аталған зиянды әдет індеттің асқынуына әсер етеді. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының күндізгі стационарының терапевт дәрігері Гаухар Қожакеева осылай дейді.
"Әлемде пандемия кезінде әртүрлі алып қашпа ақпараттар пайда болды. Олардың бірі темекі шегетін адамдардың жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы туралы дерек. Бұған Қытай провинцияларының біріндегі жағдай себеп. Онда дертке шалдыққандардың көбі темекі шекпеген. Алайда шылым адамның барлық ағзасына, оның ішінде жүрек-қантамыр, ас қорыту, репродуктивті, зәр шығару жүйесі мен көру органдарына кері әсер етеді. Барлық ағзалар мен жүйелердің зақымдануы көптеген ауруларға, атап айтсақ инсульт, ерін, тіл, жұтқыншақ, өңеш, өкпе обыры, пародонтит, стоматит, остеопороз, бедеулікке алып келеді", – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша темекі шегу иммундық жүйеге кері әсер етеді. Бұл кез келген инфекцияның, оның ішінде жаңа коронавирус инфекциясының асқынуына әсер етеді.
"Темекі шегушілерде иммундық жүйенің төмендеуі мен өкпе тіндері зақымдануының салдарынан індет асқынатыны дәлелденді. Сондықтан зиянды әдет адамды коронавирусты жұқтырудан сақтайды деген пікір түпкілікті дұрыс емес. Керісінше, шылым шегу өлім қаупінің қосымша факторы болып табылады. Әлемде адам өлімінің басты себептерінің арасында темекі шегу екінші орында тұр. Зиянды әдет адам өмірін 10-14 жылға қысқартады", – дейді Гаухар Қожакеева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде 7,5 млрд адамның шамамен 1 млрды темекі шегушілер. The TobaccoAtlas америкалық бастамашылар тобының сарапшылары жыл сайын олар 5,7 млрд дана шылым шегіп, шамамен 1 млн тонна темекі тұқылын тастайды деген ақпарат ұсынған. Шылым шегушілер тонналап тастап жатқан темекі тұқылдарының тек қана қоршаған ортаға емес, сонымен қатар адамдарға да зиянын тигізеді. Өйткені олардың құрамында зиянды целлюлоза ацетаты бар, әрі ол табиғи жағдайда ыдырамайды.
Құралай Құдайберген