Теңізді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек – Нұрлан Алдамжаров

Аталған сұрақ су саласын зерттеп жүрген мамандарға, осы салада басшылық етіп жүрген жандарға жиі қойылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Теңізді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек – Нұрлан Алдамжаров Фото: gov.kz

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ұйымдастырылған брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров та жоғарыдағы сұраққа жауап беріп көрді. 

– Ғалымдар "Аралды толығымен қалпына келтіру мүмкін емес" деп жатыр. Бірақ, министрлік осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Оған қарамастан, біз белгілі бір бөлігін, атап айтқанда, теңіздің солтүстік бөлігін сақтап, ол үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек, – деді спикер. 

Нұрлан Алдамжаров Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру бағытында қандай жұмыстар жүзеге асып жатқанына да тоқталып өтті. 

– Биыл Арал теңізінің солтүстік бөлігіне шамамен 27 текше шақырым су жинауға мүмкіндік беретін "Көкарал" бөгетін қайта құруды аяқтап жатырмыз. Дүниежүзілік банктің гранты негізінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және сақтау жөніндегі жобаны іске асырудың екінші кезеңіне келетін болсақ, Солтүстік Арал теңізінің көлемін 35 текше шақырымға дейін ұлғайтуды көздейтін техникалық-экономикалық негіздеме әзірледік. Осы орайда, "Сырдария өзенінің су ресурстары жеткілікті ме?" деген сұрақ туындайды. Министрлік біздің қырғыз, тәжік және өзбек әріптестерімізбен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді, – деді ведомство өкілі.

Бұған дейін Солтүстік Арал теңізі суын 2030 жылдың соңына таман 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу