Hays Travel шығынға ұшырап жабылып қалған британдық туристік компания Thomas Cook-тың барлық 555 дүкенін сатып алып, 2,5 мың жұмыс орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Atameken Business.
Естеріңізде болса, өткен айда, ең ірі туристік компаниялардың бірі, 178 жылдық тарихы бар Thomas Cook-тың банкрот болғанын хабарлаған едік. Бұл – жылына әлемнің 16 мемлекетіндегі 19 млн адамды саяхатқа аттандыратын туроператор. Бүгінде Hays Travel 600 адамды жұмысқа қабылдап үлгерген. Қалғандары келісім-шарт рәсімдеп жатыр.
"Әр дағдарыстың соңында бір мүмкіндіктің бар екені анық. Сол себепті Thomas Cook банкротқа ұшыраған кезде, біз тұтынушылар қатарын көбейту үшін нақты әрекет еттік. Тиімділік жоғары болар деп ойлаймын",– деді Hays Travel басшысы Айрин Хейс.