2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет процесін цифрландыру әлі де іске асыру сатысында тұр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды.
"Әкімшілерге беретін дербестікті кеңейту басымдықтар сапалы айқындалған, цифрлық тұрғыдан жетілген және қабылданатын шешімдер үшін жауаптылық нақты белгіленген кезде іске асырылуы тиіс. Алайда 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет процесін цифрландыру әлі де іске асыру сатысында тұр. Республикалық бюджет қаражатының қадағалануы бюджеттің екінші деңгейіне дейін ғана қамтамасыз етілген. Ал олардың нәтижелілік параметрлері қолданыстағы ақпараттық жүйелерде қарастырылмаған. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстары толық көлемде интеграцияланбаған", – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері кейбір жағдайларда салыстыруға келмейді. Шығыстарда басымдық беру проблемалары сақталып отырғаны белгілі болды.
"2025 жылы 2,4 трлн теңге қайта бөлінген. Жекелеген әкімшілер кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарланған көлемінің 90%-іне дейін қайта бөлген. Жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20%-ті аяқталмаған. Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеуде", – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аудиторлардың есебінше, орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орта есеппен 5%-іне, ал өңірлерде 33%-іне қол жеткізілген жоқ.
Жалпы мемлекет деңгейінде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да бағыттар бойынша 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикаторларға қол жеткізілмегені анықталды.