Тиісті салығын төлегендерге алтын өндірумен айналысуға рұқсат берілуі мүмкін

1071

Тиісті салығын төлегендерге алтын өндірумен айналысуға рұқсат берілуі мүмкін

Парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды abctv.kz.
Кодекс жобасында бір елең еткізерлік жаңалыққа жолдама берілуі ықтимал.

"Оның аясында ұсақ кен орындарында асыл металдар мен тастарды өндіруді регламенттеу мақсатында жер қойнауын пайдаланудың жаңа түрі – старательдік өндіру енгізіледі", – деді инвестициялар және даму министрі.

Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Дамыған елдерде кез келген адам өз қаржысын салып, "драгамен" өзен-теңізде, ал алтыншайғыш құрылғы-машиналармен құрлықта бағалы металдарды іздеп, өндіре береді, тек мемлекетке тиісті салығын төлесе болғаны. Демек, бұдан былай, осы кодекс қабылданған соң, Қазақстанда да кез келген жергілікті не шетелдік азамат ұлан-байтақ даламызда өз бетімен асыл тастар іздеуіне жол ашылуы мүмкін.

Осы орайда депутаттар заңсыз алтын өндіретін қылмыстық топтармен күрестің қалай жүретінін сұрастырды. 

"Расында, бизнестің бұл түрі қазір толығымен "көлеңкеде". Сондықтан біз оның бір бөлігін заңдастыруды ойластырудамыз. Старательдік жаңа институт пайда болады. Бірақ бұл жерде әңгіме тек жаңа учаскелер туралы болып отыр. Бұларға өзендердегі учаскелер жатады. Ал ірі компаниялар әрекет ететін карьерлар мен шахталарда мұндай қызмет түріне рұқсат етілмейді. Себебі, оларда жұмыс жасау үшін күрделі техникалық мүмкіндіктер болуы шарт және қауіпсіздіктің әртүрлі құралдары қажет етіледі. Тіпті инвесторлар тастап кеткен, ескі карьерлердегі жұмыс та қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты техникалық қадағалауды талап етеді. Сондықтан өзендер маңына ғана жол ашып отырмыз. Тиісінше, мұндай старательдік алтын өндірісімен айналысқысы келетіндерге қойылар біліктілік талаптары да шамалы ғана болады. Оларға мысалы, үш метр тереңдікке дейін қазуға рұқсат береміз. Одан арғы тереңдіктер өнеркәсіптік өндіріс аумағы болып табылады", – деп түйді министр Жеңіс Қасымбек.  
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу