Тимур Бекмамбетов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қоры жариялаған іріктеуге қатысатын екі киножобаның продюсері болады. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.
"Достарым, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қорының тұңғыш іріктеуі аты әлемге әйгілі, іскерлігімен танымал кино саласының майталманы тарапынан қызығушылыққа ие болғанына қуаныштымыз. Бір апта ішінде конкурсқа 95 тапсырыс келіп түсті. Жобаны қорғауға немесе кино саласындағы терминмен айтсақ питчингке 10-15 минут бөлінеді. Одан кейін іріктеуден өткен презентацияларды құрамына мәдениет және кино әлемінің беделді өкілдері енген Эксперттік кеңес тыңдап, қарайтын болады", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР премьер-министрі Асқар Маминмен бірлесе Нұр-Сұлтанда режиссёр Тимур Бекмамбетовпен кездесті. Кездесуде "Кинематография туралы" заң талқыланды.
"Тимур Бекмамбетовке кинематографты дамыту жоспарымыздың ұнағаны сондай, ол бізге тегін кеңес беріп, көмектесуді мойнына алды. Біз үшін Тимур Нұруахитұлының коммерциялық жобаларды қалыптастырудағы ұсыныстары мен тәжірибесі өте құнды", – деп жазды бұл туралы министр.
Сондай-ақ Тимур Бекмамбетовтың денсаулығы жақсы екенін, оның бұл туралы қаңқу сөздерге таң қалғанын жеткізді.