Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов девальвация қаупіне қатысты сұрақтарға пікір білдірдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер Тимур Сүлейменовтен "Елімізде девальвация күтіле ме? Себебі бұл туралы кейбір экономистер айтып жатыр. Олар бұл процесс күзге таман басталады деп отыр. Бұл мәселеде Ұлттық Банктің ұстанымы қандай?" деп сұрады.
"Ұлттық банк валюта бағамына қатысты болжам бермейді. Біз бұл туралы бірнеше рет айттық. Қаржы нарығын реттеуші ретінде нақты сандарды айта алмаймыз. Девальвацияның ықтималдығы туралы айтсақ, бізде девальвация қарқынды түрде жиналып, салдарынан бір күнде валюта бағамы өзгеріп кетеді деген түсінік бар. Инфляциялық таргеттеу режимі мен еркін бағам аясында бұл мүмкін емес. Осыны тағы бір мәрте атап өткім келеді. Валюта бағамы ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін екені белгілі", - деді Ұлттық банк басшысы.
Оның айтуынша, валюта бағамындағы негізгі фактор – мұнай бағасы.
"Мұнай бағасы тұрақты түрде төмен болған жағдайда, бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетіне, төлем балансына, ішкі нарықта доллардың ұсынысына әсер етуі мүмкін. Сәйкесінше теңге бағамына ықпалы бар. Егер де бізде мұнай және басқа да экспорттық тауарлардың бағасы қалыпты деңгейде сақталып, импорт көлемі төмендесе, онда жағдай тұрақты болады. Меніңше, қазір әлемде қаржы, энергетикалық, тауарлық нарықта не болатынын айта алатын экономист жоқ. Себебі белгісіздік жағдайлары көп", - деп түсіндірді ол.
Тимур Сүлейменов девальвация болады деп дүрбелең салуға ешқандай себеп жоқ деп отыр.
"Экономикалық өсім, мемлекеттік қаржының көрсеткіштері болжамды деңгейде тұр. Сәйкесінше біз қазір жағдай тұрақты екенін көріп отырмыз. Алда оның қалай өрбитіні Қазақстанға ғана емес, әлемдегі энергетикалық және қаржы нарығында болатын жағдайларға байланысты", - деді спикер.
Айта кету керек, осыған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырғанын жазғанбыз.