Тимур Сүлейменов: Инфляция жағдайы толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте

721

Биыл инфляция 9-11 пайыз аралығында болады деген болжам жасалды.

Тимур Сүлейменов: Инфляция жағдайы толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте Фото: digitalbusiness.kz

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында инфляция жағдайына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, былтыр негізгі экономикалық сын-қатер инфляция болды. 

"Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляциялық үрдісті өзгертіп, бағаның өсуін баяулатуға қол жеткізді. Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін ақша-кредит саясатының шараларын, макропруденциялық құралдарды және басқа шаралар кешенін қолданды. Монетарлық шаралардың ықпалын күшейту үшін минималды талаптар тетігін жетілдіріп, алтын сатып алу операцияларын теңестіруді енгізді. Үйлестірілген іс-әрекеттердің нәтижесінде инфляция өткен жылғы қыркүйектегі 13 процентке жуық көрсеткіштен биыл мамырда 10,4 пайызға дейін баяулады. Биыл біз инфляцияны 9-11 пайыз аралығында болжап отырмыз", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Тимур Сүлейменов 5 маусымда базалық мөлшерлеме 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетілгенін еске салды.

"Дегенмен, инфляция әлі де екі таңбалы болғандықтан, инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Негізгі тәуекелдер –  геосаяси тұрақсыздық пен азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі. Ішкі тәуекел факторлары – тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай реформасының қайта басталуы және монетарлық базаның өсуі. Инфляцияны тұрақтандырудың маңызды факторы – фискалдық консолидация. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін шектеу – маңызды дезинфляциялық фактор. Енді республикалық бюджеттің консолидациясын іс жүзінде іске асырған жөн", – деді Ұлттық банк басшысы.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу