Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті шешім кезекті болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері теңгерімінің жаңартылған бағалауына сүйеніп қабылданғаны белгілі болды.
"Жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді. Өткен жылғы қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9%-дан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жекелеген импорттық тауарлар бағасы өсімінің баяулауы себеп болды. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсу қарқыны (11,7%) бұрынғы деңгейінде сақталды. Бұл бағытқа теңге бағамының нығаюы мен тұтынушылық кредиттеудің бәсеңдеуі салдарынан сұраныстың тұрақтану белгілері әсер етті. Көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі де сұраныстың тұрақтануы мен тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері өсімінің бәсеңдеуінен баяулап, 8,7%-ды құрады", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Мамыр айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін баяулады (сәуірде – 0,8%). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да 0,7%-ға дейін төмендеді.
Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері мамырда 12,7% болды. Соңғы екі айда бұл көрсеткіш 12,4-12,7% аралығында қалыптасты. Ал өткен жылдың ортасынан бері ол тұрақты түрде 13-14%-дан жоғары болған еді. Қазіргі күтулердің едәуір бөлігі реттелетін бағалар реформасының ықпалымен қалыптасып отыр. Ал, нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына қарай инфляция бойынша күтулері 10,0% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Азық-түліктің әлемдік бағасы – өсімдік майы, ет және дәнді дақылдардың қымбаттауы есебінен бірқалыпты өсіп жатыр, ал қант пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеп отыр.
Ұлттық Банк биыл инфляцияның бір мәнді деңгейге төмендеуін күтеді. Бұған ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен Үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары септігін тигізеді. Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық нысаналы көрсеткішке дейін тұрақтанады. Ол сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, инфляциялық күтулердің төмендеуіне, квазифискалдық ынталандырудың және фискалдық шоғырландырудың азаюы аясында орын алады.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 24 шілдеде сағат 12:00-де жарияланады.
Айта кету керек, бұған дейін сарапшылар базалық мөлшерлемеге қатысты болжам жасағанын жазғанбыз.