Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында жыл басынан 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 91,7 млрд долларды құрады. Экспорт 53,5 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 17,8 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 38,1 млрд доллар болды. Оң сауда балансы 34,8%-ға өсіп, 15,4 млрд долларға дейін ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталып отыр", - деді Нұрлан Байбазаров.
Министр құрылыс жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырған жеткізді.
"Құрылыс жұмыстарының өсуі 10,1%-ке дейін жеделдеді. Оң серпін 18 өңірде тіркелді, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Қызылорда, Жетісу, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында байқалады. Құрылыс жұмыстарының төмендеуі Атырау және Маңғыстау облыстарында байқалады. Осы жылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,2%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалады", - деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін ел экономикасы 4 пайызға өскенін жазған болатынбыз.