Желіде әйелдер мен ерлердің бірге отыруына қарсы даулы мәлімдеме жасаған Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде "Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы" деген мазмұндағы тойдағы уағыз кеңінен тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Аталған азаматтың тойда қонақтар алдында сөйлеген сөзі желіде қызу талқыға түскен болатын.
Ішкі істер министрлігі бұл бейнежазбадан діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілерін анықтап, бірден іс қозғады. Ведомство Қазақстан Конституциясы бойынша әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы тең екенін еске салды.
Адамның ар-намысына тиетін, қандай да бір белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген үндеуге заңмен қатаң тыйым салынған.
Сонымен қатар, ІІМ сөз бостандығы ешкімді жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп, заң бұзған әрбір мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Бұл жағдайға қатысты кеше Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин пікір білдірді. Ол тойда айтылған сөздердің ұлттық болмысқа да, зайырлы қоғам қағидаттарына да қайшы екенін айтты.