Тоқаев: Дағдарысты еңсерудің тиімді шешімін табуымыз керек

1116

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия және оған қатысты іс-шаралар жаһандану процесіне кедергі келтіріп отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Тоқаев: Дағдарысты еңсерудің тиімді шешімін табуымыз керек

"Бір өкініштісі, соңғы бір жарым жылда пандемия бізге жүзбе-жүз кездесіп, мәселелерді талқылауға мүмкіндік бермей отыр. Әйтсе де бұл жайт біздің бірлескен жұмыстарымыздың сапасына кедергі келтіре алмайды. Біздің мемлекеттерімізде іске асырылып жатқан вакциналау мен өзге іс-шаралар таяу уақытта ахуалдың тұрақталуына мүмкіндік беріп, келесі отырысты дәстүрлі форматта өткізерміз деген сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша пандемия және оған қатысты іс-шаралар жаһандану процесіне кедергі келтіріп, әлемдік деңгейде шаруашылық тәртіптің құрылымын өзгерткен. Әлемнің ірі экономикалық мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық жанжалдар күрделі жағдайды одан ары қиындатып барады.

Осылайша, әлемдік бірлестіктер біршама күрделі сын-тегеуірінмен, міндеттермен бетпе-бет келген. 

"Коронавирус пандемиясы жаһандық және ел деңгейінде денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Екінші жағынан, ол экономиканың жекелеген салаларының – фармацевтика өнеркәсібінің, медициналық қызмет саласының, биоинженерлік және цифрлық технологиялардың дамуына тың серпін берді. Осынау жаңа жағдайларда біз барынша өзекті мәселелердің – экономикалық дағдарыс салдарын қалай еңсерудің, экономика дамуының қалпына келу жолына шығудың тиімді шешімін табуымыз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетерлігі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің президенттері онлайн режимде қатысып отырған іс-шара барысында одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою мәселесін қарастыруда. Одан бөлек осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы, 2020 жылғы халықаралық қызметтің негізгі бағыттарының іске асырылуы сынды мәселелері талқыланып жатыр.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу