Тоқаев "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлын қабылдады

443

Кездесу барысында мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Тоқаев "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлын қабылдады Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақ тілі" қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ақорданың мәліметінше, Президент қазақ тілін одан әрі дамыту мәселесі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық берген жөн. Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет. 

Сондай-ақ Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды. Оған қоса ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар Президент әртүрлі әлеуметтік топтардың, оның ішінде жастардың арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыруға арналған шаралардың қажеттілігіне ерекше тоқталды.

"Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақ тілі" қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде мәдени, гуманитарлық сипаттағы ұйымдар эндаумент қорлар арқылы жұмыс істейтінін атап өтіп, Қоғам қызметін одан әрі жандандыру үшін осы тәжірибені енгізуді ұсынды және оған өз атынан үлес қосатынын мәлімдеді", – делінген хабарламада. 

Өз кезегінде "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қордың бастамасымен жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспары жайында мәлімет берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу