Тоқаев ШЫҰ елдерін биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды қолдауға шақырды

513

10 қарашада, яғни бүгін ұйымға мүше елдердің басшылары онлайн кездесу өткізді. Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды қолдауға үндеді. 

Тоқаев ШЫҰ елдерін биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды қолдауға шақырды

"ШЫҰ қауымдастығы үшін Ауғанстанның қалыпқа келу жағы өзекті болып саналады. Қазақстан осы елді әлеуметтік-экономикалық жағынан оңалтуға баса назар аудара отырып, "ШЫҰ – Ауғанстан" байланыс тобы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Ауғанстандағы ахуалдың тұрақталуы Еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастықтың өрбуіне тікелей әсер етеді", – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, терроризм, экстремизм мен сепаратизмді күш қолдану арқылы жеңу қазіргі таңда қиынға соғады.

"Экстремизмге, терроризмге, сепаратизмге және рухани құндылықтардың девальвациясына қарсы іс-қимыл жүргізу барысында халықтарымыздың жасампаздық әлеуетін жетілдіру үшін ШЫҰ елдерінің бірегей мәдени мұрасын дамыту маңызды деп есептеймін. Сондықтан келесі жылды ШЫҰ-ның Мәдениет жылы деп жариялануын қолдаймыз. Қару жарысының қарқынды ілгерілеуі уақытында биологиялық қаруды бақылау жүйесін іске қосу қажеттілігі өзекті болып саналады", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Бәріміз де биотерроризмге байланысты қатерлерді жақсы білеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынған едім. ШЫҰ елдерінің басшылары осы ұсынысымды қолдайтынына сенемін", – деп сөзін аяқтады Президент.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу