Тоқаев Үкіметке: Өршіл болып, ынта таныту керек

521

Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдер санатына өтуі үшін жыл сайын 6% деңгейінде, яғни ағымдағы қарқыннан бір жарым есе жоғары өсуді қамтамасыз ету қажет.

Тоқаев Үкіметке: Өршіл болып, ынта таныту керек Фото: Ақорда

Біз қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатырмыз. Мұнай мен қазба байлық ел дамуына негіз бола алмайды. Сондықтан шынайы нарықтық экономикаға көшу керек. Әйтпесе, Қазақстан көш соңында қалып қояды. Елдің дамуы талқыланған бүгінгі жиынды Тоқаев осылай бастады. Президент Үкіметке ұйқыдан оянып, өршіл болу керектігін айтса, әкімдерге инвестиция тартыңдар деп пәрмен берді. Қысқан қымбатшылықтың тақымын босатып, жұрттың табысын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді, жауаптыларға. 

Үкімет басшысы, оның орынбасарлары мен бірқатар өңір әкімдері Президентке елдегі экономиканың жайын баяндады алдымен. Қағаздағы әдемі есептерді тыңдап болған соң Тоқаев жағдайға көңілі толмайтынын ашық айтты. Иә, ел экономикасы былтыр 3, ал жыл басталғалы шамамен 5 пайыздық өсім көрсеткен. Алайда, бұл құрғақ сандар көңілді қанағаттандырып, оптимизм тудырмауы тиіс. Керісінше, экономикалық өсімді одан бетер арттырудың қосымша көздерін іздеу қажет, - деді Тоқаев. Бұл үшін Смайылов пен оның кабинеті өршіл болып, ынта танытуы керек.

"Қазір сапалы экономикалық өсімге қажетті берік іргетас құрмаса, халық табысының стагнациясы қыр астында тұр. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдер санатына өтуі үшін жыл сайын 6% деңгейінде, яғни ағымдағы қарқыннан бір жарым есе жоғары өсуді қамтамасыз ету қажет", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықтың табысы құнсызданып жатыр

Қамтамасыз ету үшін инфляция құрғырды ауыздықтау керек. Ол өскен сайын, халықтың табысы құнсызданып жатыр, өйткені. Қазақстандықтар, жалақысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды,- деді Президент. Қош, Тоқаев мұны бұған дейін де қанша рет айтты, ал Үкіметтің әрекеттері әзір берекет бермей отыр. Қиын кезде жан бағудың амалын іздеген жұрт енді кредитке көп кіре бастаған. 

"Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады", - дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент: Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет

Азық-түлікті арзандату үшін Тоқаев кәсіпкерлерге қоймалар мен көтерме тарату орталықтарын салуға көмектесуді жүктеді. Әсіресе, жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын құрып, инвестиция құйып жатқандарға мемлекет оң көзбен қарап, қолдау білдіреді,- деп уәде берді. Өйткені, олар ертең бюджетке салық төлейді. Айтпақшы, қазынаға соңғы 5 жылда 30 триллион теңге қаражат кем түскен. Бұл Қазақстанның 2 жылдық бюджетіне тең ақша. Сондықтан макро-экономикалық саясатты өте байыпты жүргізуді жүктеді Тоқаев, яки бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті реттеу қажет. Бұл мәселеде де баяғы жартас сол жартас: Президент айтып жатыр, ал биыл Ұлттық қордан 800 млрд артық алатын кабминнің құлақ асқысы жоқ.

"Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор  болашақ ұрпақтың қаржысы. Біз оның ресурсын қажет кезде, дағдарыс кезінде ғана пайдалануымыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институтын және жан басына қаржыландыруды, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тартуды толық пайдалану керек", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әкімдер елді-мекендерді жаяу аралауы тиіс - Тоқаев

Ал аймақтағы ахуалды қымбат көлігінің терезесінен ғана көретін әкім-қараларға президент мынадай пәрмен берді: атқамінерлер өзі басқаратын қалалар мен елді мекендерді жаяу аралауы тиіс. Өйткені Қазақстандағы қалалардың сиқы нашар, хәлі мүшкіл. Өзгесі былай тұрсын, бас қаланың өзінде мәселе жетіп артылады. Жергілікті биліктен кінә бары бар, тек өздерінің үйлеріне, көшелеріне қалай болса солай, бей-берекет қарайтын азаматтар да жоқ емес,- деді Тоқаев. Ал әкімдерді айтатын болсақ, олар мойындарына жауапкершілік алғылары келмейді, қиындықтарды уақытылы бағамдай алмайды, шешім қабылдаудан қашады,- деп кезекті рет шүйлікті Президент. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізуді жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу