Төлемді банк картасымен жасайтындар саны былтырғыдан екі есе өскен

930

Елдегі әрбір тұрғында орташа есеппен 4 банк картасы бар  

Төлемді банк картасымен жасайтындар саны былтырғыдан екі есе өскен

Қазақстандықтар банк картасымен жиі пайдаланып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын болған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда төлем картасының нарығы қолжетімді болып, ілеспе банк қызметтері мен ұсыныстардың саны артып келеді.

Осы уақытқа дейін қазақстандықтар банк картасын жалақыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын. Алайда бүгінде карта ыңғайлы және сенімді төлем құралына айналып отыр. Ел тұрғындары қолма-қол ақшасыз есеп айырысып, банк картасын жиі пайдалана бастаған.

2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, қолданыста 48 млн төлем картасы бар (Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 49,7%-ға артық (32 млн карта)). Соңғы 3 жылда қолданыстағы карта саны жылына орташа есеппен 35,7%-ға өскен. Сондай-ақ, банк картасын пайдаланушылардың саны артқан. Мысалы, 2020 жылы бұл көрсеткіш 39,2 млн-ға немесе 31,6%-ға өскен.

Бүгінде әрбір ересек қазақстандықта (16 жастан және одан жоғары) 4 төлем картасы бар. Бұл банктің дистанциялық инфрақұрылымды тұрақты жаңғырту сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл көрсеткіш бойынша абсолют көшбасшы – Алматы: мұнда әр тұрғынның орташа есеппен 9 банк картасы, ал Нұр-Сұлтан тұрғынында шамамен 6 банк картасы бар.

Төлем карталары және тиісті инфрақұрылымның болуы барлық тұрғынды, оның ішінде елдің шалғай өңірлеріндегі халықты цифрлық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда халықаралық және жергілікті төлем карта жүйелері жұмыс істейді. Қолданыстағы карталардың негізгі үлесі - 67%-дан астамы Mastercard және VISA халықаралық төлем жүйелеріне тиесілі.

Халықаралық төлем жүйелерінің өнімдері мен сервистерін пайдалану банк картасын пайдаланушыларға әлемнің кез келген жерінде төлем жүргізуге мүмкіндік береді.

Төлем картасының ыңғайлы болуы, оның артықшылығы қаржы қызметін тұтынушылар арасында сұранысты арттырады. Мысалы, 2020 жылы төлем карталарын пайдалана отырып, жалпы сомасы 35,3 трлн теңгеге 2,9 млрд қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізілген. Бір жылда қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 2,4 есе өскен.

2020 жылы COVID-19 пандемиясы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу форматына көшуге айтарлықтай ықпал еткен. Әлемдегі тұтынушылар әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында қызметтерді алудың байланыссыз және онлайн тәсілдеріне көшкен.

2020 жылы Қазақстанда қолма-қол ақшасыз операциялардың басым бөлігі онлайн жүргізілген: қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы көлемінің – 81,4%.

Бүгінде еліміздегі 20 банкте iOS және Android жүйелерін пайдаланушылар үшін мобильді банкинг қызметі іске қосылған. Бір жылда банктердің онлайн-сервистерін пайдаланушылар саны 28,7 млн-ға немесе 45,8%-ға дейін өскен (бір жыл бұрын 19,7 млн пайдаланушы).

Қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінің артуы POS-терминалдар инфрақұрылымының дамуы, Apple Pay және Samsung Pay қызметтерінің Қазақстан нарығына шығуы, банктердің және төлем жүйелерінің клиенттерді бонустар мен кэшбектер арқылы ынталандыруы, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланумен байланысты.

Сонымен қатар халықаралық төлем жүйелерін пайдаланушылар санының артуына қазақстандық нарыққа байланыссыз төлем жүйесі, Tap on Phone және тағы басқа инновациялық технологияларды енгізу де әсер еткен.

2020 жылы Қазақстанда қолма-қол ақшасыз транзакциялардың басым бөлігі MasterCard Worldwide жүйесінің төлем карталары арқылы жүргізілген: 4,4 трлн теңгеге 553,6 млн транзакция. Бұл қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы санының 19,2%-ы. Ал Visa International төлем жүйесінің карталары арқылы 5,2 трлн теңгеге 340,3 млн қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізілген.

Сондай-ақ төлем карталары нарығындағы цифрландыру мен технологиялық шешімдер сауда саласына әсер еткен пандемияның салдарын жоюға мүмкіндік берген. Мысалы, елдегі бөлшек сауданың 7,3%-ға төмендеуі аясында электронды сауданың үлесі рекордтық өсім көрсеткен. Жалпы бөлшек сауда құрылымындағы электрондық сауда көлемі 2020 жылы шамамен 3 есе өскен: 3,8%-дан 9,7%-ға дейін. 

Интернет арқылы бөлшек сауда белсенділігінің артуы коронавирустың өршуі және карантин шектеуі енгізілген кезде болған.

2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда төлем карталарын пайдалана отырып, 108,2 мың кәсіпкер төлем қабылдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2%- ға артық. 5 жыл ішінде төлемді банк картасы арқылы қабылдайтын компания саны 2,5 есе өскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу