Иә, түнде шыққан экзит-пулл нәтижесін әркім әртүрлі қабылдады. Толқып, Президент Тоқаевқа алғысын жаудырғандар да болды
"Ауыл төрге шықсын" деп ұрандатқан партиядағылардың эмоциясы бөлек. Қуанбай қайтсін. Алты бақталастың ішінде аманаттан кейін ең көп дауыс жинаған "ауыл" болды. Осылайша Жигули ағайдың қыз-жігіттері ролс-ройс мінгендерден оза шапты.
Ходжаназаров экзит-пулл нәтижесін естігенде езу тартты. Бірақ өзге партияластары ұстамды. Олардан онша мұнша қуаныштың лебі сезілмеді. Десе де үздік үштіктер қатарында тұр. Ал басым дауыс жинаған Аманат партиясы бұл доданың оңай болмағанын айтады. Бәсеке күшті. Сондықтан тарихта болмаған жеңіске балады.
Ақжол партиясы Перуашевтан бастап түгел түнгі он екіде теледидарға телмірді. Талай додаларда ысылған. Өзгелер сияқты саясатқа кеше келе салған жоқ. Сондықтан алдын ала қорытындыны бәрі байыпты қабылдады. Перуашев та бұрынғыдай толқымады.
Өздерін елдегі жалғыз оппозиция санайтын жалпы ұлттық социал демократиялық партиясындағылар да тым салмақты. Алтаудың ішінде бесінші тұр. Соңғы орынға жайғасқан Байтақ үшін бұл алғашқы саяси дода. Бәлкім алдағы сайлауларда эмоциясын жасырмайтын болар. Оған да тәжірибе керек. Тәжірибесі көп қазақстан халық партиясындағы ер азаматтардың қабағы ашылмады. Соған қарағанда қорытынды көңілдерін жабырқатқан сияқты. Десе де бәрі бір ауыздан Ақорда жаққа алғыстарын жаудырды. Бұл саяси реформаның бастауы. Ризамыз десті.